Алматы облысының әкімі жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын, спорт ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Спорттағы жоғары көрсеткіштері үшін пауэрлифтингтен Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаеваға облыс әкімі Амандық Баталов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Олимпиада ойындарында зілтемір көтеруден қола жүлдеге ие болған Карина Горичеваға 1 бөлмелі пәтер берілді. Ауыратлетшінің осы күндері Тайбэйде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында ел намысын қорғап жатқандығын ескере келе, жаңа пәтердің кілті спортшының анасы Елена Горичеваға табысталды.
Жаттықтырушылардың да еңбектері ескерусіз қалмады. ҚР мәдениет және спорт министрлігінің "Құрметті спорт қызметкері" төсбелгісімен дзюдодан облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Тимур Абыханов пен еркін күрестен облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Аман Бұғыбаев марапатталды.
Тағы бір жоғары награда саналатын "Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі Жамбыл және Қарасай аудандарының спортта дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің директорлары Бақберген Қайырлыбаев пен Валерий Хациевке табысталды.