Жуырда Әуе қорғанысы күштері оқу-жаттығу орталығының мерзімді қызметтегі сарбаздары бөлім басшылығына достарына арнап әскери қызмет туралы роликтер түсірсек деген ұсыныс жасаған болатын. Осы мақсатпен түсірілген "Бауырым, сені күтеміз" бейнеролигі кеңінен таралып, TikTok әлеуметтік желісінде жарты миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды inbusiness.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарбаздар тарапынан болған мұндай қызығушылықты ескере отырып, Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі сарбаздар арасында TikTok әлеуметтік желісіндегі әскер жайлы үздік бейнероликке байқау жариялады. Жеңімпаз қаралым және "лайк" санымен анықталды.
Аз ғана уақыт ішінде Қарулы күштерде борышын өтеп жүрген сарбаздар 100-ге жуық бейнеролик шығарып, олардың 25-і байқау ережесі мен форматына сай келіп, TikTok әлеуметтік желісіндегі "QazaqArmy" парақшасында жарияланды. Мұндайда әскери қызметшілер де әскерге шақырылғанға дейін өздеріне мәлім әуес істерін тез еске алып, ынта-жігермен кірісіп кетті.
Байқау қорытындысы бойынша Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлау оқу-жаттығу орталығының курсанты Нұрболат Әділбай бірінші орынды иеленді. Оның түсірген "Бауырым, сені күтеміз" ролигі 502 мыңнан астам қаралым және 43,5 мың "лайк" жинап, үздік деп танылды.
Әуе қорғанысы күштеріндегі 31767 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Ақылбек Максимовтың "Қазақтың жігіттері" атты бейнеролигі TikTok желісінің 713 мыңға жуық қолданушысын қызықтырып, оның идеясы 28 мыңға жуық адамға ұнаған.
Үшінші орын – "Батыс" өңірлік қолбасшылығындағы 41433 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ілияс Әбенов. Оның туындысы "Әскерге барғаныма өкінбеймін" деп аталады. Қаралым саны 31 мыңнан асады және 12,5 мың "лайк" жинаған.
"Үздік креативті тәсіл" номинациясы бойынша "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Абылай Еркінбеков "Қатарымызға қосыл" ролигімен (қаралым саны 39 мыңнан асады) ерекше көзге түсіп отыр. "Үздік шығармашылық ізденіс" номинациясында "True story" ролигінің (қаралым саны 16 мыңға жуық) авторы Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлау оқу-жаттығу орталығының курсанты Мерхат Жылқыбаев марапатталды. "Күмбез & Физик" ролигін түсірген (қаралымы 35 мыңнан асады) "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Диас Сарқыт "Үздік техникалық тәсіл" номинациясына ие болды.
Байқау лауреаттары елордаға шақырылып, Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың қолынан ақшалай сыйлықтар (1 орын – 200, 2 орын – 150, 3 орын – 100 мың теңге), дипломдар мен алғыс хаттар алды.
Байқау жеңімпазы Нұрболат Әділбай үшін басты жүлде марапаттау шарасынан кейін басталған 10 тәуліктік демалыс болды. Салтанатты рәсімге арнайы келген анасы Жанна Ғаббасқызы баласының қуанышын бірге бөлісті. Анасының айтуынша, ұлы әскерге кеткенде қатты алаңдаған. Ал бүгінде жарты жыл ішінде қызмет етіп қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі таныта білген Нұрболатты мақтан тұтады.
Қатысушылар мен ұйымдастырушылар шығармашылық тәжірибелерін бөлісіп, бұл бағыттағы жұмыстардың келешегін талқылады. Қорытындылай келе, мұндай іс-шаралар армия аудиториясын кеңейтуге, сондай-ақ Қарулы күштердің позициясын қазіргі жастар арасында қол жетімді етуге септігін тигізеді деген пікірге келді.