Үздік ұлттық киім дизайнерлері анықталды

1636

Алматылық жеңіл өнеркәсіп өкілдеріне 1 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде табыс етілді. 

Үздік ұлттық киім дизайнерлері анықталды

Алматыда үздік ұлттық киім дизайнерлерін анықтауға бағытталған "ALTYN OIMAQ" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл байқауға қатысуға Қазақстанның 14 өңірінен 284 өтінім түскен. Бұдан бөлек сайысты ұйымдастыруға 36 өндірістік кәсіпорын мен  1500 маман ат салысқан. Үш кезеңнен тұтарын жарыстың қорытындысы бойынша "Ою-өрнекпен көмкерілген үздік спорттық киім дизайны" аталымы бойынша бас жүлдені алматылық Алина Данилова иеленді. 

"Жарыс туралы естіген соң ұзақ ойланбастан қатысуды шештім. Екі аптаның ішінде киім дизайнын қағазға түсіріп, топтаманы толық тігіп шықтым. Осылайша 1 млн теңгенің жеңімпазы атандым. Енді оның жартысын ата-анама беремін. Ал жартысын өз ісімді дамытуға жұмсаймын",– деді жарыс жеңімпазы. 

Жалпы сайыс ұлттық нақыштағы үздік іскерлік киім, үздік спорттық киім сынды алты аталым бойынша ұйымдастырылған. Үш кезең бойынша іріктелген қатысушылардың ішінен үздік алты дизайнер анықталған. Байқауды "Атамекен" ҰКП мен "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты дамыту қоры" ҚҚ биыл екінші рет ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздарына 1 млн теңге көлемінде ақшалай жүлдені  Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты дамыту қорының директоры Динара Аллаберген табыс етті. 

"Жеңіл өнеркәсіп саласында табысты еңбек етіп келе жатқан отандық дизайнерлерді ынталандыру мен жаңа есімдер ашуға негізделген бұл шара биыл екінші рет ұйымдастырылды. Байқау үш кезең аясында өтті. Дизайнерлер әр кезеңде түрлі аталымдар бойынша іріктеліп, ең үздіктері арнайы жүлдеге ие болды. "Altyn Oimaq" ұлттық дизайнерлер байқауы жыл сайын өткізілетін болады",– деді Динара Аллаберген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу