Астана қаласында әлі пайдалануға берілмеген мектепке қағаз жүзінде құжат қабылдау басталып, ұзын-сонар кезек пайда болған. Онлайн тіркелу болмағандықтан таңғы сағат төрттен бері кезекке тұрғандар бар. Білім мекемесі құжат қабылдауды №71 мектепте ашқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Таң бозынан кезек күткен ата-аналардың мәселесі алдымен әлеуметтік желіде тарады.
Қалалық білім бөлімі аталған іске қатысты мәлімдеме жасады.
Білім бөлімінің дерегінше, 9 шілдеде "Жайлы мектептер" жобасы аясында салынған Төле би көшесінде ("Зеленый квартал" тұрғын үй кешені) орналасқан №101 орта мектебіне құжаттар қабылдау басталған. Мектеп әлі пайдалануға берілмегендіктен, құжаттарды қабылдау №71 мектепте ашылған.
"Құжаттар тек қағаз түрінде қабылданғандықтан, бұл кезектің пайда болуына әкелді. ЕGov электронды жүйесінде мектепке тіркелу үшін құжаттарды қабылдау тек 1-сыныптар үшін қарастырылған. Баланы бір ұйымнан екінші ұйымға ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет автоматтандырылмаған. Қазіргі уақытта ата-анадан құжат қабылдайтындар саны екі есеге арттырылды, сонымен қатар SmartNation құжат қабылдаудың автоматтандырылған порталын іске қосу жұмыстары жүргізілуде, ол 11 шілдеде жұмысын бастайды", – делінген ресми хабарламада.
Білім басқармасының мәліметінше, сегіз жаңа жайлы мектепке онлайн тіркелуге болады:
- № 104 орта мектеп, Орынбор көшесі және № 37 (SOHO тұрғын үй кешенінің ауданы);
- №103 орта мектеп, Мәңгілік Ел даңғылы және E 497 көшесі (Мешіт ауданы);
- №99 мектеп, Қабанбай батыр және Сығанақ қиылысы ("Поколение" тұрғын үй кешені);
- №101 мектеп, Төле би және Е758 көш. ("Зеленый квартал" тұрғын үй кешені);
- №111 мектеп, Төле би - 24 көш. (солтүстік Барыс Арена);
- №106 мектеп, S-189 және 12-207 көш.
- №105 орта мектеп, Көктал, Ұлытау – Наурыз көшесі;
- №102 орта мектеп, А.Байтұрсынұлы, №9 құрылыс алаңы ("Highvill" тұрғын үй кешені).