Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол байланыстыратын болады

499

Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді. 

Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол байланыстыратын болады Фото: primeminister.kz

Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды.

Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.

Жаңа т/ж желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, "Сарыағаш" станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.

Премьер-Министр өз сөзінде бүгін Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға болып жатқанын атап өтті.

"Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр", — деді Әлихан Смайылов.

Жоба екі кезеңге бөлінеді.

  • Бірінші кезең "Сырдария" станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісін салуды көздейді.
  • Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген.

Барлығы 152 км теміржол төсемі салынады.

Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу