Атбасарлықтар көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына кірісті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Андрей Никишовтың айтуынша, Атбасарда су астында қалуы мүмкін 30 учаске анықталып отыр.
"Қазіргі кезде 193 суөткізгіш тазартылып, 5 мың инертті материалдар, 72 мың қап және 250 бірлік техника әзірленді. Оған қоса, аудандық бюджеттен 61 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр", - деді А.Никишов.
Сонымен қатар аудан басшысы су тасқынының алдын алу шаралары былтырғы жылдың күзінен басталғанын атап өтті. Осы мақсатта қаланы ағын судан қорғау үшін Жабай өзенін бойлай ұзындығы 9 метр, биіктігі 7,5 метр бөгет тұрғызылып, іргесі нығайтылды. Аталған бөгеттің бойында су өткізетін 20 нысан орнатылды. Бүгінгі таңда Жабай өзенінің бойында су бөгеліп қалуы мүмкін алты мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді.