Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев сайлау науқанында вахталық қызмет істейтіндерге дауыс беру мүмкіндігі қарастырылмағанын айтады, деп жазады inbusiness.kz.
"Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында аудан әкімін сайлау болып жатыр дейік. Ал ол жақтың адамы вахталық жұмыспен кетіп қалған. Ол қалай дауыс береді? Қолданыстағы заң бойынша, тіркелген жерінде ғана дауыс беруі керек. Әскерилер, изоляторлар жөнінде бар, бірақ вахталық жұмысшылар туралы жоқ. Вахталық қалашықтарда 20-30 мың адамға дейін болады. Елімізде жүз мыңдаған адам осындай жұмыс істейді. Бұл қалай шешіледі?", – деп сұрады депутат.
Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, әр адамға дауыс беруге мүмкіндік берілуі керек. Ал сайлау науқанын ұйымдастыруға жауапты – Орталық сайлау комиссиясы.
Ал Орталық сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, шынымен де, вахталық тәсілде жұмыс істейтіндерге толық дауыс беруге мүмкіндік жоқ. Әсіресе, Маңғыстау, Атырау облыстарында мәселе бар. Кейбір вахталық қалашықтарда жақын елді мекенге сайлаушыларды автобуспен тасымалдайды.
"Алдағы уақытта осы мәселені қарастырамыз. Сол кезде өздеріңізбен ақылдасамыз", – деді ОСК өкілі.
Жасын Қалибек