Вакцина алған павлодарлық 1 млн теңге ұтып алды

1031

Жергілікті кәсіпкер ұтыс ойынын өткізді.  

Вакцина алған павлодарлық 1 млн теңге ұтып алды

Павлодар қаласының белгілі рестораторы, шоумен Айдар Құрымбаев облыс тұрғындары арасында ұтыс ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Байқаудың шарты бойынша аймақ азаматтары 26 маусым мен 3 шілде аралығында №1, 3, 4, 5 емханаларда, "Almaz Medical Group", "Данель" медициналық ұйымдары мен Теміржол ауруханасының бірінде коронавирусқа қарсы екпе қабылдауы қажет. Бұл ретте вакцинаның шыққан елі маңызды емес. Екпе қабылдаған соң анықтама алып, арнайы сауалнаманы толтырып, жоғарыда аталған емдеу мекемелерінде орналасқан жәшікке салу керек. Бас жүлде - 1 млн теңге.

"Менің бизнесім бір жылдан астам уақыт бойы тұралап тұр. Той, көпшілік жиындар өткізуді армандайтын болдық. Ел билігі тұрғындардың 60%-ы екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан соң ғана қоғамдық шараларды ұйымдастыруға рұқсат беретінін мәлімдеді. Сондықтан мен жерлестерімді ынталандыру мақсатында 1 миллион теңгені бәйгеге тігуді жөн көрдім", - дейді Айдар Құрымбаев.

Бір апта аралығында бұл ұтысқа 5 мыңнан астам адам қатысты. Кәсіпкердің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында өткен тікелей эфир барысында жеңімпаз анықталды. Ол - Павлодар қаласының тұрғыны Анастасия Гринченко.

"Мен қомақты қаржыны жеңіп алу үшін емес, өзімді және жақындарымды қорғау мақсатында екпе алдым. Себебі таяуда ғана осы қауіпті дерттің салдарынан жақын адамымнан айырылдым", - дейді Анастасия Гринченко.

Ұтыс ойынының нәтижесі шығар уақытқа бірнеше сағат қалғанда ғана екпе алған павлодарлықтың қазір жағдайы жақсы. Айтуынша, екпеден кейін әлсіздік, дене қызуының көтерілгені болған жоқ. Ал 1 млн теңгені қандай мақсатқа жұмсайтынын әзірше ойластырмапты.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу