COVID-19-ға қарсы екпе алған студенттер оқуға, жатақханада тұруға жеңілдіктер алып, түрлі сыйлықтарға ие болады.
"Осылайша, жоғары оқу орындары халықтың денсаулығын қорғау үшін вакцинациялау қарқынын күшейту жөніндегі жұмысты қолдайды. Студенттер ғана емес, жоғары оқу орындарының екпе салдырған оқытушылары да материалдық ынталандыруға ие болады", – деп жазылған білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бүгінде Лев Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ, Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті аталған акцияны қолдауды бастап кеткен.
Бірқатар жоғары оқу орны студенттер үшін жеңілдіктер, сауықтыру шипажайына тегін жолдама, тегін тамақтану және қоғамдық көлікті пайдалану талондарын қарастырған.
"Сондай-ақ жоғары оқу орындары вакцина алған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал екпе салдырған кейбір университеттердің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады", – деп жазылған хабарламада.
Аталған жоғары оқу орындарының оқытушылары да назардан тыс қалмайды. Олар қосымша ақы немесе ақылы демалыс алады.
"Вакцинация мәселелері мен оның шешілу жолдарын жоғары оқу орындарының өздері қабылдайды. Министрдің тапсырмасы бойынша студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға шақырып, ынталандыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Басқа жоғары оқу орындарын да вакцинацияны қолдау шарасын ұйымдастыруға шақырамыз. Себебі, бұл коронавирустың таралуын тоқтатудың жалғыз жолы", – деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.