СOVID-19-ға қарсы вакцина алғандар 95% жағдайда коронавирусты жеңіл өткерген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда 2 млн 541 адам коронавирусқа қарсы екпені толық алған.
"Жоспарға сәйкес, халықтың 27,5%-ы екпе алған. Вакцинаны толық алғандар арасында 964 адам коронавирусты қайта жұқтырған. Екпе алғандар арасында ауру жұқтыру көрсеткіші – 0,04%", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл ОКҚ-ден өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова екпе алғандар арасында арнайы зерттеу жүргізілгенін атап өтті.
"Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші және екінші компонентін алғандар арасында ауруды қайта жұқтырғандар болды. Біз шағын зерттеу жүргіздік. Оған 400-ден аса адам қатысты. Нәтижесінде 95% жағдайда екпе алғандар арасында коронавирус жеңіл түрде өткенін анықтадық", - деді профессор.
Оның айтуынша, екпе алған науқастарда ауру жеңіл және орташа түрде өткен. Ауру белгілері байқалмаған пациенттер де болған.
"Оларға оттегі аппараты керек болған жоқ. Науқастарға қарапайым емдеу тәсілі қолданылды. 5% жағдайда күретамырлы қысымның көтерілуі (артериальная гипертония), қант диабеті бар науқастардың жағдауы ауырлау болды. Бірақ оларға өлім қаупі төнген жоқ. Сондықтан коронавирус қарсы вакцина алу маңызды", - деп түйіндеді сөзін Бақыт Көшерова.
Дәурен Ерболат