Вакцина салдырған қазақстандықтар ПТР анықтамасыз кіргізіледі – ДСМ

938

Коронавирусқа қарсы вакцина салдырған Қазақстан азаматтары елге ПТР анықтамасыз кіргізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Дария Мұсабаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Вакцина салдырған қазақстандықтар ПТР анықтамасыз кіргізіледі – ДСМ

Оның айтуынша, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде коронавирустың таралуының алдын алу үшін Қазақстанның бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №59 қаулысына сәйкес талап күшейген.

"Қаулыға сәйкес, елімізге келетін барлық жолаушы СOVID-19 вирусының бар жоғына ПТР-тест тапсыруы керек. Олардың қолында ПТР анықтамасы болуы шарт.

ПТР әдісімен COVID-19-дың бар-жоғына тестен өткені туралы анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балаларды, Қазақстанның үкіметтік делегациялары.... Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін, авиакомпаниялар экипажын қоспағанда, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен барлық жолаушы кем дегенде 3 тәулік бұрын алынған анықтаманы ұсыну қажет", - деді Дария Мұсабаева ҰҚК Шекара қызметінің Instagram-дағы парақшасында өткен онлайн-конференцияда.

Сондай-ақ ол 30 сәуірде еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына өзгеріс енгізілгенін атап өтті.

"Оған сәйкес, жоғарыда аталған талаптарды қоса, Қазақстан азаматтары мен елімізде тұруға ықтиярхаты бар адамдар коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін салдырса, олар елге ПТР анықтамасыз кіргізіледі. Оған рұқсат берілген", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу