Мәскеуде қызмет көрсету саласындағы вакцинация міндетті емес,тұрғындар өз еркімен екпе қабылдай алады. Егер препарат ектіруге міндеттелсе, басқа жұмысқа ауыса алады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz РБК сайтына сілтеме жасап.
"Егер Мәскеу тұрғыны қызмет көрсету саласында жұмыс істесе және оны жұмыс беруші вакцина ектіруге міндеттесе, ол қызмет көрсету саласындағы жұмысын тоқтатуы керек деп бұған дейін айтқан едік", – деді Песков.
Өткен аптада Мәскеу билігі тамақтану, көлік және басқа да қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кем дегенде 60%-ы міндетті түрде вакцина салдыруы керек деп жариялаған еді. Биліктің мұндай шешім қабылдауына індеттің күрт өршуі түрткі болды. Осыдан кейін бірнеше аймақ тұрғындарға дәл осындай талап қоя бастады.
Headhunter сауалнамасына сәйкес, ресейліктердің жартысынан көбі (55%) биліктің Мәскеу экономикасының кейбір салаларында міндетті вакцинация жүргізу туралы шешімін қолдамайды. Олардың 58%-ы әлі күнге дейін вакцинацияланбаған және екпе салдырғысы келмейді, немесе екі ойлы болып жүр.
Вакцинация туралы талапты орындаудан бас тартқан қызметкерлерді жұмыс берушілер жұмыстан уақытша шеттете алады. Мәскеу билігі осы себепті жұмыстан шығарылған қызметкерлер жұмысқа кіріспейінше жалақы алмайды деп мәлімдеді. Жұмыстан шеттету уақыты еңбек өтіліне енгізілмейді және төленетін еңбек демалысын рәсімдеу кезінде ескерілмейді. Бұл кезең жұмыс орнында негізсіз себепке байланысты болмаған деп саналады.
Табиғат Нұрболат