Валютаны алып кету бойынша шектеуді бұзғандар жауапкершілікке тартылады

1247

Оларға қандай жаза көзделген?  

Валютаны алып кету бойынша шектеуді бұзғандар жауапкершілікке тартылады

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ел аумағынан шығатын азаматтарға шетел валютасын және алтын құймаларды өзге мемлекетке алып кетуге қойылған шектеуге қатысты түсініктеме берді, деп жазды inbusiness.kz.

"Мемлекеттік шекарадан өту кезінде кідірістерге жол бермеу үшін өзімен бірге (багажда) бар қолма-қол ақшаны алдын ала есептеп шығуға кеңес беріледі.

Қолма-қол ақша мен шетелдік валютадағы ақша сомасының баламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша 10 000 (он мың) АҚШ долларынан аспауы қажет", – деп ескертті Мемлекеттік кірістер комитетінде.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймалары және "ALTYN BARYS" алтынынан және "KÚMIS BARYS" күмісінен жасалған инвестициялық монеталардың, сондай-ақ 100 грамнан асатын аффинирленген алтынды өзімен бірге (багажда) алып кетуге болмайды.

МКК-де шектеудің бұзылуы анықталған жағдайда, ел азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертті.

"Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (45,9 мың теңге) айыппұл салынады. Сондай-ақ соттың шешімі бойынша аталған ақша мен тауарлар мемлекет кірісіне тәркіленуі мүмкін", – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан кететін тұлғаларға шетел валютасын және алтын құймаларды алып шығуға шектеу қойылған болатын.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу