Вандализм және жеке меншік мүлікке залал келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді

777

Бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 

Вандализм және жеке меншік мүлікке залал келтіргені  үшін жауапкершілік күшейтілді Фото: yandex.kz

Бұл туралы "Вандализм, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргендерге жазаны қатаңдату туралы" брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Спикердің айтуынша, бұған дейін бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, келтірілген залал сомасы 200 АЕК-тен немесе 690 мың теңгеден асқанда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып келген еді.

"Залал мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтардың өздері дәлелдемелер жинау, бұзушылардың сауалнамалық деректерін анықтау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелерімен айналысады, өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі. Сондықтан, әдетте, азаматтардың едәуір бөлігі сотқа жүгінбейді, нәтижесінде құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтарып кетеді", дейді Азамат Құрымбаев.

Вандализм мәселесіне Мемлекет басшысы да назар аударып, қоғамдық, сондай-ақ жекеменшік мүліктерді бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату тапсырған болатын.

Осыған орай, қабылданған жаңа заң талаптарына сәйкес, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды, оның нормалары "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңға сәйкестендірілді.

"Осы құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді. Енді заң бұзушыға ең төменгі сома - 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған. Екіншіден, - бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда. Үшіншіден-ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының диспозициясына " көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда", сондай-ақ оның құқық бұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды. Іс жүзінде мұндай әрекеттер негізінен ұсақ бұзақылықтың құрамын құрайды" деді Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары.

Естеріңізге саламыз, 3 қаңтар Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы"  және" ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойған болатын.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу