Польшаның Варшава қаласында 1 маусымнан бастап түнгі уақытта алкоголь сатуға бүкілқалалық тыйым енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін дүкендер мен жанармай құю бекеттерінде алкоголь өнімдерін сату толық тоқтатылды.
Осыған дейін мұндай шектеулер сынақ ретінде тек екі ауданда, яғни Средместье мен Прага-Пулудне аймақтарында ғана енгізілген еді. Қала билігі бұл аудандарда жедел қызметтердің шақыртуларының саны айтарлықтай азайғанын мысалға келтірді. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жедел қызметтердің шақыртулары күндіз 10 пайыздан көп, ал түнгі уақытта 15 пайыздан аса азайған.
Шектеу енгізілген аудандарда оқыс оқиғалар саны шамамен 23,7 пайызға кемісе, Варшаваның басқа бөліктерінде бұл көрсеткіш 11,1 пайыз деңгейінде тіркелген. Түнгі уақытта айырмашылық одан да айқын байқалып, шақыртулар шамамен 23 пайызға төмендеген. Ал басқа аудандарда бұл көрсеткіш 4 пайыздан сәл асып отыр.
Түнгі уақытта алкоголь сатуға тыйым салу идеясы елде әлімсақтан талқыланып келеді. Бұл бастаманы алғаш болып Miasto Jest Nasze ұйымы көтерді. Варшава мэрі Рафал Тшасковский әуелгіде мұны қолдамаса да, кейін оны бүкіл қалаға кеңейтіп, жалпы қалалық деңгейге жеткізді.
Дәл осыған келгенде қала тұрғындарының пікірі қақ жарылады. Бір бөлігі "бұл шектеу қоғамдық қауіпсіздікті арттырады, қалалық тәртіпті жақсартады" деп есептесе, кей тұрғындар мұндай қадамның бизнес пен еркіндікке кері әсер етуі мүмкін екенін жасырмайды.