Америка Құрама Штаттары Сирияның жаңа басшылығына бұрынғы мыңдаған шетелдік жиһадшыны ұлттық армияға қосуға "батасын" берді. Бірақ бұл шаруа ашық түрде жүзеге асырылуы керек. Мұны Трамптың арнайы өкілі мәлімдеді.
Сирия қорғаныс министрлігінің дерегінше, жақында құрылған 84-ші армиялық дивизия құрамына сириялықтармен бірге 3500-дей шетелдік жауынгер де кірген. Олардың дені – ұйғырлар.
Журналистер "Вашингтон Сирия қарулы күштерінің қатарына жат мемлекеттердің содырлары кіргенін қалай ма?" деген сұрақ қойды. Бұл сауалға АҚШ президентінің Сирия бойынша елшісі Томас Баррак "Ашықтық мәселесі бойынша өзара түсіністік бар" деп жауап берген.
Былтыр көтерілісшілер Башар Асад үкіметін құлатқаннан кейін шетелдік жасақтардың тағдыры өзекті мәселеге айналды. Бұл проблема Сирияның жаңа басшылығы мен Батыс арасында байланыстар орнатуға үлкен кедергі жасаған.
Мамырдың басына дейін Вашингтон сол содырларды қауіпсіздік күштерінің қатарынан ығыстыруды талап етті.
Алайда, өткен айда Трамп Таяу Шығысқа сапар шеккеннен кейін Вашингтонның Сирияға қатысты саясаты күрт өзгерді. Сол сапарда Трамп Сирияға Асад заманында жарияланған санкцияларды доғарып, уақытша президент Ахмед әш-Шараамен кездесіп, баяғы досы Барракты арнайы елші етіп тағайындады.
Сирия лидерінің сөзінше, шетелдік жиһадшыларды армияға тарту олардан төнген қауіпті сейілтеді. Ал сол содырлар "әл-Каида" мен "Ислам мемлекетінің" қатарына енетін болса, қауіп-қатер әлдеқайда жоғары болар еді.
Сонымен қатар, әш-Шарааның мәлімдеуінше, шетелдік жауынгерлер мен олардың отбасыларына Асадқа қарсы соғыстағы рөлі үшін Сирия азаматтығы берілуі мүмкін.
Қытай алаңдаулы
13 жылға созылған азаматтық соғыстың басында шетелдік мыңдаған суннит мұсылман Сириядағы көтерілісшілерге қосылып, Иранға арқа сүйеген шиит жасақтарымен және Асад армиясымен соғысты.
Кейбір жауынгерлер өз топтарын құрды, ал басқалары Америка Құрама Штаттары мен Иранның қолдауындағы күштердің екпінімен талқандалмас бұрын, Сирия мен Ирак жерінде қысқа уақытқа халифат жариялаған "Ислам мемлекеті" сияқты топтарға қосылды.
Қытай мен Орталық Азиядан келген ұйғыр жауынгерлеріне тоқталсақ, олар – Бейжің лаңкес деп таныған "Түркістан Ислам партиясының" мүшелері. Сириялық шенеунік пен бір шетелдік дипломат "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында айтқандай, Қытай бұл топтың Сириядағы ықпалын шектеуге тырысқан.
"Қытай халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын ескере отырып, Сирия лаңкестік және экстремистік күштердің барлық түрлеріне қарсы тұрады деп үміттенеді", – деп жазылған Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Саяси сарапшы Осман Буғраның сөзінше, ұйғырларлың аталған тобы ресми түрде таратылып, Сирия армиясына қосылған.
"Қазіргі уақытта бұл топ толығымен Қорғаныс министрлігінің құзырында жұмыс істейді, ұлттық саясатты ұстанады және сыртқы құрылымдармен немесе топтармен байланыста емес", – деді ол "Рейтерге" жазбаша берген жауабында.
Дамасктегі жиһадшыл ұйымдар жөніндегі сарапшы Аббас Шарифа армия қатарына өткен шетелдік жасақтардың Сирия басшылығына адалдық танытып, "идеологиялық сүзгіден өткенін" айтады.
"Егер армия олардан бас тартса, бұл содырлар ДАИШ немесе басқа да радикалдық топтардың жеміне айналар еді", – дейді Аббас Шарифа.