2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит Германияның Галле қаласында өткен кіші әлем чемпионатына баланатын халықаралық турнирде топ жарды, деп жазды Vesti.kz.
91 келі салмақ дәрежесіндегі ақтық айқаста Левит ресейлік Владимир Узунянмен кездескен болатын. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша, отандасымыз төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Аталған турнирде тағы да үш бірдей боксшымыз алтын жүлде олжалады.
Тарқатып айтсақ, 52 келіде өнер көрсететін Азамат Исақұлов финалда ресейлік Овик Оганесяннан 4:1 есебімен жеңсе, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл голландиялық Макс ван дер Пасты үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Аса ауыр салмақтағы (+91 келі) былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев украиналық Андре Городецкиді 5:0 есебімен жеңді.
Тағы бір отандасымыз, 69 келі салмақта сынға түскен Абылайхан Жүсіпов финалдан германиялық Аббас Бараудан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.