Тәуелсіз комиссияның тергеуі 2016-шы жылғы ойындарда сыйбайлас жемқорлыққа жол берілгенін әшкереледі. Бұған дейін ресейлік спортшылардың допингке жиі жүгінетінін дәлелдеген канадалық профессор 149 беттік баяндамасында 2016-шы жылғы жазғы олимпиада ойындарының 11 жекпе-жегін тергеп шыққан. Олардың арасында ауыр салмақтағы ресейлік Евгений Тищенко мен қазақстандық Василий Левиттің даулы финалдық кездесуі де бар екен. Естеріңізде болса, шаршы алаңда Левиттің соққылары басым болғанына қарамастан, төрешілердің шешімімен Тищенко жеңіске жетті. Орыс боксшысы италиялық Клемент Руссоны жеңгенінде де гәп бар, – дейді тергеушілер. Соған қарағанда, Василий Левитке бес жыл бұрынғы олимпиаданың алтын медалі берілуі әбден мүмкін.