"Василий Левитті кінәлауға болмайды"

846

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен "Алматы" олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Ермахан Ибраимов Токио Олимпиадасында топ жарады деп үміт артылған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттің жеңілісіне қатысты мәлімдеме жасады. 

"Василий Левитті кінәлауға болмайды"

Токио Олимпиадасының алғашқы айналымында Василий Левит қарсыласы кубалық бокшысы Эммануэль Рейеске есе жіберген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Біз Василийді қолдаймыз. Ол бокстағы мансабын аяқтағысы келсе, көре жатармыз. Егер, мансабын ары қарай жалғастыру туралы шешім қабылдаса, оған жағдай жасауға әзірміз", – деді Серік Сәпиев. 

91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Василий Левит кездесудің бірінші раундында 3:2 есебімен жеңіліп, екінші раундтың басында нокаутқа түсіп қалды. 

"Алматы" олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, АИБА халықаралық федерациясы комиссиясының мүшесі Ермахан Ибраимов Василий Левиттің жеңілісіне рингтегі төреші кінәлі деп санайды. 

"Василий Левит екінші раундта нокдаун алды. Рингтегі төреші нокдаунды санауы керек еді. Бірақ ол бұл сәтті жіберіп алды және қарсыласына тағы соққы жасауға мүмкіндік берді. Бұл төрешінің қателігі. Василий Левитті кінәлауға болмайды", – деді Ермахан Ибраимов.

Спорт журналисі Есей Жеңісұлының жазуынша, Василий Левит Олимпиадада нокаут алған алғашқы қазақстандық боксшы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу