Ведомствоаралық комиссия картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салды

820

Ірі және ұсақ малды да сыртқа саудалауға шектеу енгізілді. 

Ведомствоаралық комиссия картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салды

2021 жылы 25 қарашада сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында ірі және ұсақ мал мен картоп, көкөністер экспортына тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ведомствоаралық комиссия барлық жас топтарындағы ірі қара малды 6 айға, сондай-ақ картоп пен сәбізді 3 ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға толық тыйым салуды енгізуді мақұлдау туралы шешім қабылдады", – деп жазылған хабарламада. 

Қазіргі уақытта ішкі нарықта ірі қара және ұсақ мал етіне бағаның өсуі байқалады. Биылғы жылдың қараша айында республика бойынша сиыр етінің бағасы келісіне орта есеппен 2 239 теңгені құрады. Жыл басынан бері баға 15%-ға немесе 292 теңгеге өсті. Қой етінің орташа бағасы 21%-ға (419 теңге) өсіп, бір келісі үшін 2 409 теңгені құрады.

Бұл ретте ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 50% төмен деңгейде қалып отыр. Биылғы жылдың 10 айында 173 мың тонна ет өңделген, бұл ет өндірісінің жалпы көлемінің небәрі 18%-ын құрайды.

Сонымен бірге бұқашықтар мен қошқарлар экспортының ұлғайғаны байқалады. Биылғы жылдың 10 айында 161 мың бас ірі қара мал шығарылды немесе 2020 жылдың деңгейінен 5,6 есе артық, ұсақ мал шығару 6,7 есе ұлғайды және 112 мың басты құрады. Осы жылдың соңына дейін 200 мыңға жуық ірі қара мал шығарылуы мүмкін.

"Қалыптасқан жағдай ет және ет өнімдері бағасының өсуіне себеп болуы ықтимал. Биылғы жылы картоп пен сәбізден жиналған өнім ішкі тұтыну және экспорттық әлеуетті сақтау үшін жеткілікті екенін атап өткен жөн. Алайда көрші елдерде көкөніс өнімдері мен картоптың төмен өнімділігі бар. Бұл ішкі нарықтағы бағалардың өсуіне әкелуі мүмкін", – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада. 

Осы объективті көрсеткіштерге сүйене отырып, ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және бағаны тұрақтандыру үшін Ведомствоаралық комиссия ірі және ұсақ малды, картоп пен сәбізді Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуды мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу