Есім хан алаңында спортшыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов пен қала тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды 24.kz.
"Тур де Түркістан" велошеруі Шымкент қаласынан келе жатыр. Жарысқа қатысушылар киелі шаһарға аялдап, Үкаша ата, Арыстанбаб бағытында жол жүреді. Олардың арасында 5 мың 640 метрлік Эверест тауының базалық лагеріне велосипедпен көтеріліп, Кала-Патхар тау шыңын 52 сағатта бағындырған жалғыз қазақстандық велоспортшы Вадим Цхе және Аstana Arlans кәсіпқой бокс клубының өкілі Арман Момынов бастаған спортшылар бар. Аталған велошеру түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда белсенді демалыс пен экологиялық туризмді дамытуға және өңірді туристік орталық ретінде қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
"Елбасымыздың халыққа жолдауында "2019 жыл – жастардың жылы" деген болатын. Жастардың қолынан келетін мүмкіндіктері өте көп. Оның бірі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін халықтың әл-ауқаты және салауатты өмірі. Яғни салауатты өмір спортпен шұғылдануға шақырамын. Шараны ұйымдастыруымыздың басты себебі осы", - дейді Қазақстандағы кәсіби спорт жүргізушісі Арман Момынов.