Велоспортшылар өз міндеттерін 200 пайыз орындады

1399

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тректегі велоспорттан Азия чемпионаты аяқталды.  

Велоспортшылар өз міндеттерін 200 пайыз орындады

Қазақстандық спортшылар құрлықтық додада жоғары нәтиже тіркеп, жалпы есебі 16 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды olympic.kz.

Жалпыкомандалық есепте біздің құрама бесінші сатыға жайғасқан. Спорттың бұл түрінен сары құрлықтың үздігі атағына Оңтүстік Корея командасы лайық деп саналды.  Қазақстанның негізгі құрамасы (элита) Азия біріншілігінен жеті медаль еншіледі. Оның біреуі алтын, төртеуі күміс, екеуі қола жүлде. 

Ал жасөспірімдер өз кезегінде тоғыз рет жеңіс тұғырынан көрініп, екі алтын, төрт күміс және үш қола иеленді. 

Сеулдегі додаға тректегі велоспорттан Қазақстан командасының үздіктегі түгел қатысты. Себебі, спорттың бұл түрінен Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі әлі де жалғасуда. Құрлықтық додада жиналған ұпайлар рейтингте есепке алынып, квота бөлінгенде пайдаға асады. 

Бас бапкер Владимир Бушанскийдің айтуынша, спортшылардың көрсеткіші жаман емес. Қазақстандық велошабандоздардың әрқайсысы жүлде үшін таласып, өз міндеттерін 200 пайыз орындап шықты. Одан бөлек, маңызды рейтингілік ұпайлар есепке алынды.  

Сеулде жас спортшылардың жұлдызы жанды. Бапкер Бушанский екі күміс еншілеген Әлішер Жұмақан мен қола медаль иеленген Роман Василенковті команданың болашақ жұлдыздарына балап отыр. Қазіргі велошабандоздардың орнын басатын спортшылар да солар болмақ. 

"Азия чемпионатындағы көрсеткішімізді жоғары бағалаймын. Тректегі велоспорттың барлық түрінен әртүрлі деңгейде жүлде алдық.Ешкім аянып қалған жоқ. Спортшыларымыз міндетін 200 пайызға орындап шықты. Әрқайсысы өз жүлделеріне лайық. Әйелдер командасынан Рината Сұлтанованы ерекше атап өткім келеді. Биылғы маусым ол үшін табысты өтті. Өзі қатысқан жарыстың бәрінде жүлдеге ілікті. Айта кетер болсақ, біздің қыздарымыз 20 жылдан бері құрлық додасынан медаль алмаған болатын. Алтын жүлдегер атанған Андрей Чугайдың еңбегі зор. Ол қандай мақтауға да лайық. Жақында ғана жасөспірімдер арасындағы әлем үздігі атанған ол ересектер арасында да бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Әлішер Жұмақан өзінің жеке рекордын жаңартты. Финалда Азия ойындарының және Азия чемпионатының жеңімпазы, әлемдік турнирлердің жүлдегеріне қарсы шығып, есе жіберді. Дегенмен, ол мықты спортшыдан ұтылды. Әлішердің алға басып келе жатқанын байқауға болады. Роман Василенков те талантты жастардың қатарында", – дейді Бушанский. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу