Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің "Ядролық қауіпсіздік: міндеттемелер мен әрекеттер" атты халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап egemen.kz жазады.
Осындай әр үш жылда өткізілетін ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі конференция екінші рет ұйымдастырылуда. Конференцияға 168 мүше мемлекет делегациялары, соның ішінде 50 министрлер басқаратын делегациялар қатысуда.
Ал Қазақстан тарапынан конференцияға еліміздің Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, елші Қайрат Сарыбай бастаған Энергетика министрлігінің және Ұлттық ядролық орталықтың өкілдері барған болатын.
Конференция министрлер сегментінің пленарлық отырысынан басталып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты өткен бірнеше ғылыми және техникалық отырыстармен жалғасты. Министрлер декларациясын талқылау мен оның қабылдануы министрлер сегментінің пленарлық отырысы шеңберіндегі ең маңызды оқиға болып табылды.
Қазақстан делегациясының басшысы өзінің сөзінде еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы жетістіктерін, Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы ядролық қауіпсіздікті күшейту бойынша ынтымақтастығын атап өтті. МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-отырысында ұсынған және "Әлем. ХХI ғасыр" манифесінде жалғасқан, сондай-ақ БҰҰ құжаты ретінде таратылған бастамаларына назар аударды. Қатысушылар 2017 жылдың екінші жартысында ашылады деп жоспарланып отырған МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда құру жөніндегі жобасының іске асырылу барысы туралы хабардар етілді.
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конференция жұмысы 9 желтоқсанға дейін жалғасады.