Аустрия астанасы Вена қаласындағы лаңкестіктен қаза тапқандардың саны 3-ке жетті. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады.
"Үшеуі – қарапайым тұрғын, жер жастандырылған төртінші адам – лаңкес", – деді қала полициясының басшысы Герхард Пюрстль.
Елдің ІІМ басшысы Карл Нехаммердің айтуынша, жер жастандырылған қаскөй "Ирак және Левант лаңкестік ұйымының" жақтасы болып шықты. Қазір қалғандары іздестіріліп жатыр.
Қазақстанның Аустриядағы елшілігінің алдын-ала ақпаратына сәйкес, қаза тапқандар мен жарақат алғандар қатарында ҚР азаматтары жоқ.
Еске сала кетсек, 2 қарашада Вена қаласында қару асынған адамдар қаланың бірнеше жерінде атыс ашқан болатын. Салдарынан 14 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Олардың қатарында полиция қызметкерлері бар. Аустрия канцлері Себастьян Курц шабуылды лаңкестік деп таныды. Қаскөйлердің мұндай әрекетке неліктен барғаны анықталып жатыр.
Табиғат Нұрболат
Фото: ap.com