Венесуэла үкіметі "Эл-петро" деп аталатын ұлттық криптовалютасын айналымға шығарды, деп хабарлайды 24.kz.
Биткоинның баламасы саналатын электронды ақша "Эл-петро" деп аталады. Әзірге бір петроның бағасы Венесуэла мұнайының бір барреліне тең. Яғни 60 АҚШ доллары тұрады. Осылайша Венесуэла ұлттық криптовалюта шығарған алғашқы мемлекетке айналды.
Президент Николас Мадуроның айтуынша, бұл қадам долларға деген тәуелділікті азайтып, елді экономикалық дағдарыстан алып шығады. Сондай-ақ криптовалюта шет елдерден қаржы тартады. Ал сарапшылардың пікірінше, петроны айналымға шығарудың саяси астары бар. "Мадуро кез келген әрекет арқылы алдағы сәуірде өтетін президент сайлауында жеңіп шықпақ ниетте", – дейді олар.
"Венесуэла криптовалютаны ең бірінші болып айналымға шығарды. Біз жиырма бірінші ғасырдың жаңашылдығына бейімделіп келеміз. Қазірдің өзінде 596 миллион еуро, 735 миллион доллар пайда таптық. Алдағы уақытта петроның құны шарықтайтынына сенімдіміз", - дейді Венесуэла президенті Николас Мадуро.