Венесуэланың президенті міндетін атқарушы Делси Родригес АҚШ президенті Дональд Трамптан еліне салынған санкцияларды алып тастауға шақырды. Сондай-ақ мұнайға қойылған блокаданы тоқтату қажеттігін де айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Родригес АҚШ-тың Николас Мадуроны ұстап, биліктен тайдырғанына қарамастан, екі елді "дос мемлекеттер" деп атады. Оның айтуынша, Каракас үкіметі АҚШ-пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көшкісі келеді. Сол себепті Вашингтон венесуэлалық мұнайға салынған блокаданы тоқтатып, санкцияларды алып тастауы тиіс, деді ол.
Мадуроны америкалық әскерилер ұстағаннан кейін Родригес Вашингтонмен қарым-қатынасты жақсартуға басымдық беріп отыр. Венесуэла билігі саяси тұтқындарға рақымшылық жасау туралы заң қабылдап, үкіметке қарсы наразылықтарға қатысқан кейбір азаматтар, бұрынғы режимді қолдаудан бас тартқан экс-шенділер мен әскерилер жауапкершіліктен босатылды.
Бұдан басқа Венесуэланың уақытша президенті пайдалы қазбалар туралы заңнамаға реформа жүргізді. Осылайша мұнай секторында шетелдік инвестицияларға жол ашылды. 24 ақпан күні Ақ үй басшысы Дональд Трамп халыққа жолдауында АҚШ Венесуэладан 89 млн-ға жуық баррель мұнай алғанын айтқан болатын.