Венгрияның ұстанымы 26 елге жақпай қалды

Аталған ел Украина мәселесінде жалғыз өзі 26 елдің бірлескен шешімін қолдамады. 

Венгрияның ұстанымы 26 елге жақпай қалды Фото: overclockers.ru

Еуропалық кеңес президенті ЕО саммитінен кейін Венгрияның оқшауланып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews басылымына сілтеме жасап. 

Украинаның болашағына арналған арнайы жиын бейсенбі күні Брюссельде өтті. 

– Бұл Венгрияның 27 елдің ішінде оқшауланғанын білдіреді. Біз Венгрияның ұстанымын құрметтейміз, бірақ ол 27-нің бірі ғана. Ал 26 бірден көп, – деді Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта.

Бұл мәлімдеме Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның Украинаға қолдау білдіретін бірлескен шешімді бұғаттауынан кейін жасалып отыр. Саммит қорытындысы ретінде 26 ел мақұлдаған "қысқаша тұжырым" қабылданды.

Құжатта күш арқылы бейбітшілік, әскери көмек және Киевке қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтылған, Орбан өз кезегінде бұл тармақтарға қарсы шықты. 

Саммит алдында Венгрия премьер-министрі ұсынылған тұжырымдаманы вето қоятынын ашық мәлімдеді. 

Сонымен қатар, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо да бастапқыда күмән келтіргенімен, Брюссель мен Киев арасындағы газ дауы туралы қысқа сілтеме қосылғаннан кейін келісімге келді. 

Орбан ымыраға келуден бас тартқандықтан, ЕО көшбасшылары Украина үшін маңызды сәтте "әлсіз" нұсқаны қабылдағаннан гөрі, тек 26 ел қолдаған "мықтырақ" құжатты бекітуді жөн көрді. 
Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен де Украина Қарулы күштеріне көмекті арттыру қазіргіден де шұғыл екенін айтты. 

Саммитке қатысқан Украина президенті Владимир Зеленский ЕО-ның үздіксіз қолдауы үшін алғысын білдіріп, "Біз жалғыз емеспіз, бұл үшін ризамыз" деп ағынан жарылды. 

Саммиттен соң Виктор Орбан да өз ұстанымын қорғап, оқшауланған тараптың ЕО екенін мәлімдеді. 

– Оқшаулану туралы айтсақ, бұл – Еуропалық Одақтың мәселесі. ЕО АҚШ-тан, Қытайдан және Ресейден оқшауланып қалды. Ал Венгрия үш тараппен де жақсы қарым-қатынасты сақтап отыр, сондықтан біз оқшауланған жоқпыз, – деді ол.

Орбан Украинаға әскери және қаржылық көмекті арттыру тым артық екенін айтып, АҚШ бұл қолдауды болашақта жалғастырмайтынын ескертті. Ол Зеленскиймен жеке қарым-қатынасы туралы сұраққа да жауап берген. 

– Ол – Украина президенті, мен барлық егемен елдердің басшыларын құрметтеймін, оның арасында Зеленсикй де бар, – деп жауап берді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу