Versace сән үйінің басы дауға қалды

1199

Versace-нің бас дизайнері Донателла Версаче кешірім сұрап, қате жазуы бар жейделерді сатылымнан алып тастағанын мәлім етті.

Versace сән үйінің басы дауға қалды

Даудың басы Versace-нің географиялық қателері бар жеңіл жейделерді сатуға шығаруынан басталды. Дәлірек айтқанда, бұл бренд Қытайдың арнайы әкімшілік аудандарын, Макао мен Гонконгты жейделерге дербес,тәуелсіз мемлекеттер ретінде бейнелеп қойған.   

Кеше Versace-нің бас дизайнері Донателла Версаче Instagram парақшасында кешірім сұрап, қате жазуы бар жейделерді сатылымнан алып тастағанын мәлім етті.

Versace-нің бренд-амбассадоры саналатын қытайлық актриса әрі әнші Ян Ми осы оқиғадан кейін сән үйімен жұмыс істеуін тоқтатты. Ол маусым айында қол қойған келісімшарттың күшін жойды. 

Айта кетсек, Gianni Versace S.p.A. – 1978 жылы Джанни Версаче негізін қалаған италиялық компания. Сәнді киім, иіссу, сағат және үйге арналған тауарларды сатуымен айналысады. Джанни 1997 жылы қаскөйдің қолынан қаза тапқаннан кейін, компанияны оның қарындасы Донателла Версаче басқара бастады. 

Естеріңізге сала кетейік, қараша айында Қытайда Dolce&Gabbana сән үйі өнімдерінің сатылымы азайып кеткен еді. Бұған қытайлық модельдің италиялық тағамдарды таяқшамен жегені таспаланған компанияның видео жарнамасы себеп болған. Ал кадр сыртындағы ер адам оған қалай тамақтану керек екенін түсіндіріп жатқан. Қытайлықтар бұл видео олардың мәдениетін келеке қылды деп, сән үйін қатты сынға алды. Компания дизайнерлері  кешірім сұрағанымен де, бірқатар танымал адамдар мен модельдер Dolce&Gabbana-мен жұмыс істеуін тоқтатқан. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу