Оның айтуынша, Үкіметтің 1193 қаулысына сәйкес бүгінге дейін ветеринарларда заңмен белгіленген мәртебе жоқ, деп жазады inbusiness.kz.
"Ең әуелі ветеринар дәрігердің мәртебесі бекітіледі. Демалысқа шыққан кезде 2 лауазымдық айлық ақыдан кем емес мөлшерде сауықтыруға арналған жәрдемақы белгіленетін болады. Бұдан басқа ветеринария саласындағы ғылым кандидаттарына, докторларға ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар ветеринарлық дәрігерлер арнайы киіммен, жабдықтармен, бұйымдармен, құралдармен қамтамасыз етілетін болады", - деп жауап берді спикер тілшінің сауалына.
Асқар Жақыпбаевтың сөзінше, құжатта мамандардың санаттарына қарай жалақыны бөлу де көзделген.
"Яғни, 3 санат болады. Бірінші санатта жалақы 250 мың теңгеден басталады. Егер ветеринар дәрігер өзінің біліктілігін арттырса, статуарлық органға жүгіне алады. Арнайы емтихан тапсырып, өзінің біліктілік деңгейі жоғары екенін дәлелдесе, онда екінші санатқа ие болады", - деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, бүгінде заң жобасы Үкіметтің қарауында.
"Мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын пысықтау жұмыстары жүргізілуде", - деп атап өтті спикер.