Ветеринарлық зертханашылар 100 мың теңге айлық алады – сенатор

189

Жалақының аздығынан бұл лауазымға жас мамандар көп келмейді. 

Ветеринарлық зертханашылар 100 мың теңге айлық алады – сенатор Фото: Википедия

Сенатор Әли Бектаев азық-түлік сапасын бақылайтын зертханалардың жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, отандық және импортталатын азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылайтын зертханалардың жағдайы алаңдаушылық туғызады.

"Лабораториялардың көпшілігі апатты немесе жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ондағы көптеген зертханалық құрылғылар ескіргенімен қатар өндірістен де шығарылған. Осылай, 2016-2023 жылдар аралығында 15 ветеринариялық зертхана жабылған. Зертханалардың жетіспеуі, құрал-жабдықтардың тозуы облыс, аудан көлемінде қатты байқалады", – деді Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор мамандар тапшы екенін, түрлі қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің жалақысы төмен екенін айтты. Әли Бектаевтың дерегінше, ветеринариялық салада ең төмен жалақыны лаборанттар алады. Бұл шамамен 100-110 мың теңге. Вирусолог, бактериолог дәрігерлер жалақысы 300 мың теңге маңайында болса, биолог, химик 140-150 мың теңге алады.

"Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді, келсе де көп тұрақтамайды. Зертханалардағы құрал жабдықтардың ескіруі – халықаралық сапа мен стандарттарға сәйкестендіруге көп кедергі келтіруде", – деп атап өтті Әли Бектаев.

Депутат сала мамандарын әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайтуды ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу