Мәжіліс Қазақстан мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісімге Ханой қаласында 2023 жылғы 21 тамызда қол қойылған.
Шарт Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетте жазасын өтеу үшін беру мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған.
Заңды қабылдау Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерінің сақталуына, жасалған құқық бұзушылық үшін жазасын өтеу орнын таңдауға ықпал ететін болады.
Қазақстан Республикасы 23 елмен, атап айтқанда, Әзербайжан, Украина, Түрікменстан, ҚХР, Испания, Түркия, Италия, Мажарстан, Румыния, Үндістан, Иран, Сербия, Сауд Арабиясы, Литва, Иордания, Моңғолия, Бразилия, БАӘ, Корея Республикасы, Болгария, Солтүстік Македония, Өзбекстан, Кипрмен осындай шарттар жасасқан.
Айта кету керек, осы жылдың мамырынан бастап қазақстандықтар үшін Вьетнаммен туристік виза алынып тасталды.