Kazakh Invest Вьетнамдық VinGroup-тың еншілес компаниясы GSM Алматыда аймақтық өкілдік ашып, электромобильдермен жолаушы тасымалдау қызметін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мадияр Сұлтанбек VinGroup бастамасы Қазақстанның "жасыл" экономика мен экологиялық көлік инфрақұрылымын дамыту стратегиясына сәйкес келетінін атап өтіп, Kazakh Invest компаниясының жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Электр көліктері мен зарядтау инфрақұрылымын дамыту – экономиканы экологиялық жаңғыртудың басты бағыттарының бірі. Біз VinGroup компаниясының технологияларды жергіліктендіруге деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және жобаны іске қосу мәселелерін жан-жақты пысықтауға дайынбыз", – деді Мадияр Сұлтанбек.
Сонымен қатар вьетнамдық тарап зарядтау станцияларының желісін құру, сервистік инфрақұрылымды локализациялау және өндіріс ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұдан бөлек, шетелдік инвестор білім, медицина, девелопмент және smart city инфрақұрылымы бағыттарында да жобаларды зерттеу үстінде.
VinGroup – Вьетнамдағы ең ірі корпорациялардың бірі. Ал GSM компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі электркөлік платформасына жатады, Xanh SM брендімен 100 мыңға жуық электромобиль пайдаланып, Вьетнам такси нарығының 40 пайызын қамтып отыр.
