Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған компания Qazaq Air әуе компаниясын сатып алған болатын. Енді SOVICO Group еліміздегі бір әуежайды сатып алу немесе басқаруға алу арқылы Қазақстанда тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруды жоспарлайды.
"Олар қазір әуежайды сатып алу немесе басқаруға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өйткені кез келген әуе компаниясы үшін базалық әуежай қажет. Компания өте ірі, қарқынды дамып келеді", – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы экономикалық қарым-қатынас нығайып келеді. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 879 миллион АҚШ долларын құраған.
Қазақстан Вьетнамға негізінен мырыш пен қорғасын экспорттаса, бұл елден техника мен дайын өнімдер импортталады.
"Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі. Біздің елде вьетнамдық ірі инвесторлар белсенді жұмыс істеп жатыр", – деді Серік Жұманғарин.
SOVICO Group Qazaq Air әуе компаниясын "Самұрық-Қазына" қорынан 2024 жылдың соңында сатып алды.
Қарызға батқан компания 2 млрд теңгеге бағаланған болатын. SOVICO Group әуе компаниясының қарыздарын өтеп, алдағы 5 жылда компанияның әуе паркін Boeing және Airbus ұшақтарымен толықтыруға келіскен.
Бүгін Астанада өтіп жатқан қазақ-вьетнам дөңгелек үстелінде Qazaq Air компаниясы атауын VietJet Kazakhstan деп өзгертетінін жазған болатынбыз.