Вице-министр 42 500 теңгеге өмір сүре ала ма?

1291

Серік Шапкенов өз айлығын кім белгілейтінін айтты.

Вице-министр 42 500 теңгеге өмір сүре ала ма?

Сіз министрдің орынбасары ретінде 42 500 теңге өмір сүріп көруге қалай қарайсыз? Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов өзіне тікелей қойылған сұраққа сұрақпен жауап беріп құтылды.

"42 500 теңгеге өмір сүрер ме едіңіз бе деп сұрап отырсыз ғой. Мен мынаны айтар едім. Әр жағдайда еңбекақы көлемін жұмыс беруші белгілейді. Егер маман жоғары талапты болса, неге оған жұмыс беруші 42 500 теңге төлеу керек", – деп қысқа қайырған министрлік өкілі пандемия зардабын ескеріп, минималды еңбекақы мөлшерін көтеру қаншалықты мүмкін екенін айтты.

"Минималды еңбекақы мөлшерін елдегі орташа еңбекақы деңгейімен теңестіру мүмкін емес. Ол өзі не үшін қажет? Жұмыс берушілер кедейлік шегінен төмен айлық тағайындамау үшін минималды еңбекақы мөлшері белгіленеді. Оны республикалық бюджет оның 42 500 теңге деп бекіткен. Біздің министрлік еңбек төлеміне мониторинг жасап отырады. Зейнетақы аударымын, басқа да көрсеткіштерді қарап отырамыз. Жұмыс берушілер маман білікті болса, оның айлығын негізсіз төмендетпейді. Керісінше, біздің еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығы бар. Пандемия кезеңінде арзан жұмыс күшін әкелу үшін шекараны ашуды сұрап отырған компаниялар көп. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтап, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік жұмысшыларға берілетін квота 2 есе азайтылған болатын", – деді Серік Шапкенов.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу