Оның сөзінше, былтыр бүкіл әлемдік экономикаға бұрын-соңды болмаған жоғары инфляция, пайыздық мөлшерлеменің өсуі, жаһандық өндіріс пен логистикалық тізбектің бұзылуы әсер етті, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қиындыққа қарамастан экономикамыз тұрақты, жаңа жағдайға тез бейімделді. Ел экономикасы дамуының оң серпіні сақталды. 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,2% болды. Негізгі драйверлер – инвестиция мен сыртқы сауда көлемі", - деді ол Алматыда өткен CFO Summit 2023 барысында.
Алдын ала дерек бойынша сыртқы сауда тауар айналымы өткен жылы 32,1%-ға өсіп, 134,4 млрд долларды құрады. Экспорт 39,9%-ға артып, 84,4 млрд долларға жетсе, импорт – 50 млрд доллар.
"Қазақстанға бірқатар шетелдік кәсіпорындарды көшіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 62 компанияның 19-ы көшірілді", - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдің халықаралық резерві 90,8 млрд долларды құрады.
Биыл Қазақстан экономикасының жаңа жағдайға бейімделуі жалғасып, инфляциялық қысымды бейтараптандыру үшін инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылады.
"Салалық министрліктердің болжамын ескерсек, биыл біраз салада оң динамика қалыптасады. Сондықтан, біз әзірге осы жылғы экономиканың өсу болжамын 4% деңгейінде сақтаймыз", - деді Тимур Жақсылықов.