Вице-министр экономикада аздаған өсім болатынын айтты

780

Өндіріс секторының жоғары динамикасы байқалады.  

Вице-министр экономикада аздаған өсім болатынын айтты

Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев пандемия кезінде елдегі экономикалық жағдайға баға берді. Оның айтуынша, қызмет көрсету саласының өсімі төмендегенімен, өнім өндіру өз қарқынын сақтап қалған.

"Сәуір айында биылғы жылдың экономикалық болжамы нақтыланған болатын. Сол кезде жаһандық экономикада болып жатқан өзгерістерді есепке ала отырып, консервативті, өте ұстамды деректер берілген еді. Қазір коронавирус пандемиясының салдарынан әлем экономикасы соңғы 100 жылда болмаған ең ауқымды қысқартуларды бастан өткеруде. Сауда соғыстары болып, протекционизм өршіді әрі энергия ресурстарының бағасы да құлдырап кетті. Қазір соңғы бес ай нәтижесіне қарасақ, қызмет көрсету секторы 6,2%-ға кеміген, ал тауар өндіру өз қарқынын сақтап тұр. Өндіріс саласындағы өсім 4,8%-ды құрады", – деп айтып өтті вице-министр.

Ұлттық экономика вице-министрі карантин мен төтенше жағдай кезіндегі шектеулердің айырмашылығына тоқталды.

"Шектеу шаралары екі аптаға созылады. Төтенше жағдай режимімен салыстырғанда экономикалық жағынан өзгешелігі бар. Мысалы, теміржол тасымалы, әуе қатынасы, жүк көлігімен тасымал, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Сондай-ақ, көлемі шағын азық-түлік емес дүкендер де жұмыс істеуде. Басқа да экономикалық айырмашылықтар бар. Белгілі бір қызмет көрсету көлемі сақталып қалды. Салықтан босату сынды көптеген қолдау көрсету шаралары үшін қосымша уақыт берілді. Мұндай жеңілдіктерді 1 қазанға дейін пайдалануға болады. Жалпы, қызмет көрсету саласы дамиды. Ал өндіріс секторының жоғары динамикасы байқалады. Нәтижесінде жыл соңына дейін аздаған оң өсімге қол жеткізе аламыз деп айтуға негіз бар", – деді вице-министр.

Мәди Такиевтің мәліметінше, елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) көрсеткіштері –0,9% құрайды. Алты айдың қорытындысы бойынша, қайта есептеу жүргізілмек.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу