Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектепте жұмыс істеп жүрген педагог-психологтардың біліктілік деңгейі өте төмен екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министр білім саласында жұмыс істейтін педагог-психологтардың негізгі міндеті мәселелердің алдын алу және оларды анықтау екенін баса айтты. Айтуынша, өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары құрылып жатыр.
"Саладағы өзекті мәселенің біріне келсек, біз мамандардың біліктілік мәселесін шешу керек екендігімен келісеміз. Мектепте жұмыс істеп жүрген педагог-психологтардың, психологиялық қолдау орталықтарынан келіп жатқан мамандардың біліктілік деңгейі өте төмен екенін көріп отырмыз. Бірнеше рет талдау жасадық, қолымыздан бірінші келетін тетіктердің бірі – біліктілікті арттыру курстарынан өткізу. Бұл жыл сайын жасалып келе жатыр. Қазір енді осы біліктілік курстарының мазмұнын қайта қарап жатырмыз", – деді вице-министр Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Сөзінше, кешенді жоспарға сәйкес жоғары оқу орындарындағы педагог-психологтарды дайындау бағдарламасы қайта қаралмақ.
"Осы мәселе бойынша біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қолымдағы ақпарат бойынша қазіргі таңда педагог-психологтерді даярлаудың алғашқы жаңартылған модулі осы оқу жылынан бастап ЖОО-ларда енгізілді", – деді Еділ Оспан.