Вице-министрдің депутатқа берген жауабы мәжіліс төрағасына ұнамады

2091

Әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен, мәселе туады. 

Вице-министрдің депутатқа берген жауабы мәжіліс төрағасына ұнамады

Парламентте салық кодексіне экология мәселесі бойынша өзгеріс енгізу туралы заң жобасы талқыланғанда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов депутат Артур Платоновтың сауалына жалтарма жауап қайтарғанына назар аударды. 

Айта кетейік, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы баяндап, ең озық технологиясы бар кәсіпорындарды эмиссиялық төлемнен босатуды ұсынды. Өз кезегінде депутат: "Заң жобасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдары қоршаған ортаға келтірілген зиян бойынша эмиссиялық төлемге бақылау жүргізуге міндеттелген. Алайда қазіргі заңнамаға сәйкес бұл функциялар сіздерде жоқ. Сіздердің ведомстволарыңыз қоршаған ортаға келтірілген жағымсыз салдар үшін алынатын төлемнің әкімшілендіруін қалай жүргізеді? Сіздерде экология саласындағы маман да, эмиссияны орнында тексеру мүмкіндігі де жоқ қой", – деді қаржы вице-министріне.

Ол: "Уәкілетті органдар тағайындаған айыппұл негізінде мемлекеттік кірістер комитеті қаражаттың бюджетке түсуін қадағалайды", – деп жауап берді. 

Бұл жауап мәжіліс төрағасының көңіліне қонбаған болу керек, ол депутаттың 
сауалы басқаша қойылғанын алға тартты. 

"Қандай да бір эмиссия бойынша жұмыстың атқарылуын кім талдайды? Сұрақ осында. Бүгін біз осы отырыста мұндай мәселемен бетпе-бет келдік. Әлбетте, әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен осындай мәселе туындайды. Мысалы, ауыл шаруашылығына келген әлгі маман (алдыңғы сұрақ бойынша отырысқа қатысқан вице-министр Руслан Манатаевты айтып отыр) банкте жұмыс істепті. Ауыл шаруашылығы саласында бір күн де істемепті. Соңында заң жобасында осындай олқылықтар енгізіледі. Біреу бүгін заң жобасын оқымадық деп келіпті. Оқығаны былай тұрсын, оқыса да түсінбейді. Бір күн ауылда болған жоқ. Мәселе осында", – деді ол.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу