Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын кешенді дамыту мәселесіне қатысты Құрылтай депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Алатау қаласының Қоянқұс шағын ауданында 900 орындық жаңа жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша Алатау қаласында екі фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды: 2025 жылы Еңбек шағын ауданында, 2026 жылғы сәуірде Жаңаарна шағын ауданында. Алатаудың қала мәртебесін алуына байланысты кадрларды қолдау үшін "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша екі жылдық өтпелі кезең белгіленді, бұл бюджет саласының қызметкерлері үшін 25 пайыздық үстемақыны сақтауға мүмкіндік береді", – делінген жауапта.
Қанат Бозымбаевтың сөзінше, алдағы уақытта Алатау қаласына білікті кадрларды тарту және оларды ұзақ мерзімге орнықтыру үшін өмір сүру сапасын арттыру, қалалық ортаны дамыту және қолайлы жағдайлар жасау жөнінде жүйелі шаралар қабылданатын болады.
"Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Ол 28 жобаны қамтиды: оның ішінде 4 жоба электрмен жабдықтау, 6 жоба сумен жабдықтау және су бұру, 2 жоба жылумен және газбен жабдықтау, 16 жоба жол инфрақұрылымы саласында. Үкімет қаулыларына сәйкес оны іске асыруға 2026 жылы 35,3 млрд теңге бөлінді", – деді вице-премьер.