Алматылықтар VIP нөмір сатып алу үшін 294 миллион теңге шығындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, арнайы ХҚКО көлікті тіркеу мен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беру бойынша жыл басынан бергі қанша қызмет көрсетілгенін жариялады.
Жыл басынан бері ХҚКО мамандары тарапынан 101 152 мемлекеттік нөмір, 12 535 транзиттік нөмір, 32672 жүргізуші куәлігі берілген. Сондай-ақ, құны 294 млн 407 мың болатын 791 VIP нөмір берілді.
"Небәрі 7 айда 252 701 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде көлікті тіркеу мен есепке алуға 220 029 қызмет көрсетілді. Күн сайын орталыққа 3-5 мың клиент келеді. Осы уақыт аралығында 108507 көлік тіркелді", - деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Аманбек.
Айта кету керек, өткен жылдың қыркүйегінен бастап арнайы ХҚКО тек қана Алматы тұрғындары ғана емес бүкіл республика азаматтарына қызмет көрсете бастады.
"Биыл қаңтардан бері арнайы ХҚКО алматылықтардан бөлек азаматтарға 40 мың қызмет көрсеткен, 37 745 мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген. Сұраныс Алматы облысы мен ОҚО тұрғындары арасында көп болып отыр", - деді ол.