Вирустың беті қайтар емес: Елорданың санитарлық дәрігері үндеу жасады

640

Елордадағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қала тұрғындарына иммундаудан өтуге және сақтық шаралары туралы ұмытпауға шақырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Вирустың беті қайтар емес: Елорданың санитарлық дәрігері үндеу жасады

Санитарлық дәрігердің айтуынша, егер азаматтарда ПТР тесті оң нәтиже көрсетсе немесе олар науқастармен тығыз байланыста болса, онда КВИ таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес бұл адамдар қашықтықтан жұмыс түріне ауысуы керек. Ол халықты саналы болуға және өзін-өзі тәрбиелеуге шақырды.

"Баршаңызды адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын. Өздеріңіз көріп отырсыздар, вирустың беті қайтар емес, ауру қайтадан өршіп жатыр. Сіз байланысатын адамдардың шеңберін шектеңіз. "Сары" аймаққа көшу кезінде инфекция көзін оқшаулауға бағытталған шаралар қабылданатынын атап өткім келеді", – деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, вакцинация және ревакцинация инфекциядан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Сондықтан сырқаттанушылықтың өсуіне тек вакцинация мен ревакцинациядан өту арқылы ғана қарсы тұруға болады.

"Қымбатты отандастар, өзіңіздің, жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндірмеңіз! Коронавирусқа қарсы вакцина алыңыз! Сондай-ақ астананың "жасыл" аймақта болуына қарамастан ВАК шешімі бойынша жабық мекемелерде және қоғамдық көлікте бетперде кию ұсынылады. Өзіңізді қорғаңыз!", – деп қорытындылады санитарлық дәрігер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу