"Вирустың екінші толқыны бола қалса жұмысқа шықпаймыз"

3273

Бас дәрігер өтемақы алмағандардың вирустан сақтануға мүмкіндігі болды дейді.

"Вирустың екінші толқыны бола қалса жұмысқа шықпаймыз"

"Вирустың екінші толқыны бола қалса жұмысқа шықпаймыз". Осылай деген жаңақорғандық дәрігерлер тиесілі өтемақыларына әлі қолдары жетпей жүргендерін айтады.

Шіліңгір шілдеде көзге көрінбейтін індетпен арпалысып, өздері де пневмонияға шалдығып, ем алып сауыққан ақ халатты жандар, Президенттің жарлығындағы міндеттелген тиесілі өтемақы қашан беріледі дейді.

Төрт айдан бері сабылып жүрген медицина қызметкерлері Жаңақорған аудандық ауруханасының алдына жиналып өтемақыларын талап етті.

- Жұқпалы аурулар ауруханасына жатып емделдім. Хаттама толтырылды. Бірақ ауырып тұрсақта бізге әлі өтемақы төленген жоқ, - дейді медбике Қарлығаш Байсалова.

- Ауырғанымыз Аллаға да, баршаға да аян. Бұлар өтемақыны бізге емес, еңбек демалысында жатқан, больничныйға шықпаған адамдарға беріпті, - дейді Айгүл Байхожина есімді медбике.

Үйде жатып 2 миллион теңгені алғандар бар деген қызметкерлер өтемақы бармақ басты, көз қыстылықпен таратылды деп ойлайды. Ал бас дәрігер ауданда 40-тан аса медқызметкерге бір реттік төлем төленіп, екі минстрліктің бұйрығына сәйкес тағайындалғанын айтады.

- Бұйрыққа сай келетін қызметкерлердің бәрі алды. Оның бәрі ауырғанымен бұл бұйрыққа сай келмегендіктен кейбір кісілер ала алмады. Сосын медициналық қызметкерлерге арналған вирустан қорғану, сақтану жайлы талап бар, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Бас дәрігер өтемақы алмағандардың вирустан сақтануға мүмкіндігі болды дейді. Ал осы төлемнен қағылған қызметкерлер енді ауырып қалсақ та басшылар жауапкершілікті тағы өз мойынымызға артып отыр деп ашынады.

"Бір параққа жазып өздері алып келді. Екінші толқын болғанда ауырсам өзім жауаптымын дегізіп қол қойдырып алды", - деді инфекциялық аурухананың шаруа бикесі Меруерт Шайықова.

Қол қойдырды деген қолхатқа байланысты қызметкерлердің шағымын бас дәрігер жоққа шығарып отыр. Алайда, коронавирус пен пневмониядан жазылып шыққан аурухана қызметкерлері бізге енді жағдай жасалмайтын болса вирустың екінші толқыны бола қалса жұмысқа шықпаймыз, десті.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу