Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері ресейлік нарықтағы жұмысын тоқтатты

1291

Бұл ел ішіндегі Visa және Mastercard карталарының жұмысына әсер етпейді. 

Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері ресейлік нарықтағы жұмысын тоқтатты

Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері бір мезгілде ресейлік нарықтағы жұмысын тоқтатқанын хабарлады, деп жазды inbusiness.kz. 

"Бұдан былай Visa Ресейдегі тұтынушыларымен және серіктестерімен барлық операцияларын тоқтатады", – делінген Visa мәлімдемесінде.

Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін Ресейде шығарылған Visa карталарымен барлық транзакциялар одан тыс жерде жүргізілмейді.  

Сондай-ақ шетелдік қаржы институттары шығарған Visa карталары Ресейде жұмыс істемейді.

"Біз бұл шешімнің Ресейде қызмет көрсететін әріптестерімізге, клиенттерімізге, серіктестерімізге, карта иелеріне тигізген әсері үшін өкінеміз", – деді Visa бас директоры Аль Келли мәлімдемесінде.

"Ресей банктері шығарған карталарға Mastercard желісі енді қолдау көрсетпейді", – деді Mastercard өз кезегінде.

"Шиеленістің бұрын-соңды болмаған сипатын және экономикалық жағдайдың белгісіздігін ескере отырып, біз Ресейдегі қызметтерімізді тоқтату туралы шешім қабылдадық. Бұл шешім біз үшін оңай болған жоқ. Mastercard Ресейде 25 жылдан астам жұмыс істеп келеді", – деп жазылған хабарламада.

Ресейдегі 200 қызметкеріне жалақыны төлеуді жалғастыруға уәде берді.

Ресейдің ең ірі банкі Сбербанк бұл шешімдердің ел ішіндегі Visa және Mastercard карталарының жұмысына әсер етпейтінін түсіндірді. Олар жұмыс істейді, Ресей аумағында транзакциялар жасауға болады. Қолма-қол ақшаны алу, карта нөмірі бойынша аударымдарды жүзеге асыру, офлайн дүкендерде де, ресейлік интернет-дүкендерде де төлемдер жүргізіледі.  

"Шетелде және шетелдік интернет-дүкендерде Visa және Mastercard шығарған ресейлік карталармен төлемдер шектеледі. Шетелдегі ресейліктерге алдын ала жеткілікті мөлшерде қолма-қол ақша алып, үлкен шығындарды (қонақ үйлер, билеттер) алдын ала төлеуді ұсынамыз", – деді Сбербанк.

Бірқатар шет елдерде "Мир" төлем жүйесінің карталары қабылданады (Түркия, БАӘ, Вьетнам, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан, Кипр).

Сбербанктен кейін осындай түсініктемені Ресей Федерациясының Орталық банкі таратқан.  

"Ресей банктері шығарған барлық Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің карталары жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін Ресейде әдеттегідей жұмысын жалғастырады. Олар бойынша транзакциялар Ұлттық төлем карталары жүйесінде ел ішінде өңделеді және оларға санкциялар әсер етпейді. Мұндай карталарға байланысты шоттардағы қаражат толығымен сақталады және қолжетімді. Ресейде бұл карталарды ұстаушылар банкоматтарда транзакциялар жүргізе алады, карталармен төлей алады, картадан картаға аударымдар жасай алады", – деді Орталық банк.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу