Висконсин штатында төтенше жағдай жарияланды

487

Полицей афроамерикалықты жарақаттағаннан кейін, ереуілдер тоқтар емес.

Висконсин штатында төтенше жағдай жарияланды

АҚШ-тың Кеноша қаласындағы тәртіпсіздіктерге байланысты Висконсин штатында төтенше жағдай режимі енгізілді. Штат губернаторы Тони Эверс осындай шешім қабылдады.

Оның айтуынша, бұл шара инфрақұрылымдық және мәдени нысандарды қорғаумен айналысатын жедел қызметке септігін тигізбек. Сонымен қатар ол қаладағы Ұлттық гвардия қызметкерлерінің санын 250-ге дейін өсіруді тапсырды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Кеношада коменданттық сағат жарияланған еді. Бұған жергілікті полицейдің Джейкоб Блейк есімді афроамерикалықтың арқасына оқ атып, жаралауы себеп болды.

24 тамызда екі әйел адамның төбелесіне араша түспек болған Блейкке полиция қызметкерлері оқ атқан. Ол көлігіне отырмақ болған сәтте офицерлердің бірі оны киімінен тартып, көлікте отырған Блейктің үш баласының көзінше атыс ашқан. Куәгерлердің айтуынша,оның қолында ешқандай қару болмаған. Ауыр жарақат алған ол қазір ауруханада жатыр. 

Осы оқиғадан кейін Кеноша қаласында тәртіпсіздіктер басталып, арты бүлікке ұласып кетті. Ресми дерекке сүйенсек, ереуілшілер үш кәсіпорынды, қоқыс тазалайтын үш көлікті өртеп, жергілікті сот ғимаратының терезесін сындырып кеткен.

Табиғат Нұрболат

Фото: france24.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу