Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігіне екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұрат Нұртілеу алдымен осы елдің сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын марокколықтар істері министрі Насер Буритамен кездесті.
"Қазақстан Марокконы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде маңызды және жақын серіктес ретінде таниды. 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар барысында біз ортақ құндылықтарға негізделген мазмұнды саяси диалог құра алдық, сондай-ақ сындарлы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоя алдық", – деді М. Нұртілеу.
Сондай-ақ, ол Марокко екіжақты визасыз режим орнатылған Африкадағы алғашқы ел болатынын айтты, бұл іскерлік байланыстарды дамыту және азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Ал Н. Бурита Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық рөлін ерекше атады. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы айтарлықтай өсіп, 274 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан дайын мұнай-химия өнімдерін, металлургия өнімдерін және азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 130 млн АҚШ доллары сомасына 25 негізгі тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге де дайын.
Ал туристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар 2025 жылы әуе қатынасы туралы келісім бойынша жұмысты аяқтауға және тікелей әуе рейстерін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Қазақстан мен Марокко министрлері өзара іс-қимылды кеңейту үшін жұмыс топтарын құру туралы бірлескен коммюнике де қабылдады.