Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Елбасына арнайы бейнеқұттықтау жолдады. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің ресми сайтында хабарланды.
"Мен біздің көпжылдық достығымызды қадірлеймін және мақтан тұтамын. Алғашқы кездесуімізден бастап арамызда ашықтығымен және кез келген күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге дайын болуымызбен ерекшеленетін шынайы жолдастық қарым-қатынас орнады.
Сіздің даналығыңыз бен көрегендігіңізді, зор жауапкершілігіңіз бен салмақтылығыңызды, өмірлік және басқару тәжірибеңізді барша жұрт мойындады. Сіз өз еліңізде және Ресейде, сондай-ақ бүкіл әлемде көрнекті мемлекет қайраткері және нағыз көшбасшы ретінде жоғары беделге ие болдыңыз. Осы жылдардың ішінде Сіз ұлттық келісімді, тарихи, мәдени дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақстанның тұрақты дамуына, болашаққа нық сеніммен қадам басуына зор еңбек сіңірдіңіз", - деді Владимир Путин.