"Ворошилов" су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды

45

Тексеріс барысында нысанның жекеменшікке заңсыз берілгені анықталды.  

"Ворошилов" су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды Фото: primeminister.kz

2024 жылы Алматы облысындағы "Ворошилов" су қоймасы бөгеті жарылып, қайғылы жағдай бола жаздаған еді. Сот шешімімен нысан мемлекет меншігіне қайтарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, су қоймасы 2017 жылы жеке кәсіпкерге 49 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. 2021 жылы кәсіпкер қайтыс болғаннан кейін су қойманы басқару құқығы қосымша келісім негізінде оның жұбайына мұрагерлікпен өткен.

"Алайда сенімгерлік басқару шарты мен бизнес-жоспардың талаптары тиісінше орындалмағандықтан, тиісті бақылаудың болмауы мен тиімді басқарылмауы салдарынан 2024 жылы су қоймасының негізгі бөгеті жарылды. Бұл мемлекет мүлкіне елеулі залал келтіріп, үлкен жер алқаптары сусыз қалды. Жесір әйелге бірнеше рет талап қойылғанымен, ол тиісті шара қабылдамаған. Осыған байланысты Қаржы басқармасы сотқа жүгінуге мәжбүр болды", – делінген хабарламада.

Ведомство соттан мына талаптарды қойған:

  • 2017 жылғы сенімгерлік басқару шартын жарамсыз деп тану;
  • 2021 жылғы қосымша келісімді жарамсыз деп тану;
  • жесірге берілген мұрагерлік құқығы туралы куәлікті жою;
  • су қоймасын коммуналдық меншікке қайтару.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарай келе, ҚР Азаматтық кодексінің 891-бабына сүйенді. Онда сенімгерлік басқарушы қайтыс болған жағдайда, онымен жасалған келісімнің күшін жою қарастырылған.

"Нотариус мұрагерлерге су қоймасына қатысты мүліктік емес құқықтарды беруге құқылы болмаған, өйткені олардың ондай құқықтары болмаған (ҚР АК 1040-бабы). Осылайша, 2021 жылғы қосымша келісім материалдық құқық нормаларына қайшы келеді. Сенімгерлік басқарушы қайтыс болғаннан кейін жаңа конкурс жарияланып, оның жеңімпазымен басқару туралы шарт жасалуы тиіс еді", – деп түсіндірді сотта.

Нәтижесінде талап ішінара қанағаттандырылды.

Соттың  қаулысымен:

  • 2017 жылғы сенімгерлік басқару шарты жеке кәсіпкердің қайтыс болуына байланысты тоқтатылды;
  • 2021 жылғы қосымша келісім жарамсыз деп танылды;
  • жесірге су қоймасына қатысты берілген мұрагерлік құқығы туралы куәлік жарамсыз деп танылды.

Сот жесірді су қойманы коммуналдық меншікке қайтаруға міндеттеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу