"Востокмашзавод" жұмысы уақытша тоқтатылуы мүмкін

944

Еңбек инспекторлары қыркүйекте қорытынды тексеруге барады.

"Востокмашзавод" жұмысы уақытша тоқтатылуы мүмкін

Өскемендегі "Востокмашзавод" машина жасау зауыты ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің тамыздағы нұсқамасын уақытында орындай алмады. Соған байланысты еңбек инспекторлары қыркүйекте қорытынды тексеруге баратынын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Алдағы тексерістен кейін кәсіпорын қызметі уақытша тоқтауы мүмкін. Себебі: біздің тамыздағы тексеруден соң берген нұсқамамыз орындалмады. Әуелде орындау мерзімі 24 тамызға белгіленген, кәсіпорын 1 қыркүйекке дейін тағы бір мүмкіндік сұраған болатын. Алайда кәсіпорын қызметкерлердің еңбекақысын әлі өтемеді, еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл да төлемеді", – деп түсіндірді облыстық еңбек испекциясы басқармасының басшылығы.

Инспекторларға кәсіпорын қызметкерлерінен еңбекақы ала алмағаны туралы үш шағым келіп түскен. Оның екеуі мамыр-маусым айының еңбекақасы берілмегені туралы ұжымның атынан жазылса, біреуі шілдеде еңбекақы алмаған бір қызметкерден жолданған. 

Содан бері мамыр-маусымдағы қарыздар өтелген. Ал шілденің қарыздары толық жабылмаған.

Айта кету керек, тамыздың басында кәсіпорын жұмысшылары жоғарыдағы мәселе бойынша наразылық акциясын ұйымдастырған болатын. Тексеру содан кейін басталған.

Ең қиыны, Еңбек испекциясы басқармасының ақпаратында айтылғандай, қызметкерлердің айлық еңбекақысын "ВМЗ-Инвест" инвесторлық компнаиясы төлеуі керек, ал зауыттың өз шотында қаражат жоқ.

"Востокмашзаводтағы" жағдай қиын. Зауыт басшылығы қызметкерлердің қарызын қашан өтеп беретінін білмейді", – дейді инспекторлар.

Тасқын Болатұлы

Фото: yk-news.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу