Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) WBC чемпиондығына үміткерлер тізіміне бірінші болып қойылды. Мұндай шешім Киевте өтіп жатқан Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) конвенциясында қабылданды, - деп хабарлайды ESPN Deportes.
Мұның алдында GGG промоутері Том Леффлер WBC конвенциясында қарымтадағы төрешілер шешімі әділетсіз болды деп есептейтіндіктен, Сауль "Канело" Альвареспен (50-1-2, 34 КО) үшінші жекпе-жекке өтініш беретіндіктерін мәлімдеген еді.
Головкиннің бірінші кезекке шығуы трилогияның мүмкіндіктерін арттырып отыр. Ал негізі "Канеломен" келесі жекпе-жекке WBC ұйымының "уақытша" чемпионы америкалық Джермалл Чарло (27-0, 21 КО) бірінші тұрған еді.
"Канело" Альварестің чемпион ретіндегі тағдыры 3 қазанда шешіледі, алайда, WBC президенті Маурисио Сулейман мексикалыққа атағын еркін қорғауға рұқсат беріп қойған.
Альварес рингке 15 желтоқсанда оралмақ, мексикалықтың ықтимал қарсыласы канадалық Давид Лемье (40-4, 34 KO).
Ал Головкин биыл жұдырықтасуды жоспарлап отырған жоқ. GGG рингке тек 2019 жылдың көктемінде оралады.
Еске салайық, Головкин 15 қыркүйекте Лас-Вегаста мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (50-1-2, 34 КО) қарымта өткізді. 12 раундқа созылған бұл жекпе-жекте төрешілер шешімімен мексикалық жеңіске жетті, ал головкин WBC, WBA (Super) және IBO белбеуінен айырылды.
Осылайша, Головкин карьерасында алғаш рет жеңілді. Жекпе-жектен кейін екі боксшы да үшінші рет жұдырықтасуға дайын екендерін мәлімдеген.