Westoil Software компаниясы: "Жұмысшылар ереуіліне деструктивті күштер ықпал еткен"

343

Westoil Software компаниясы Жетібайда жалғасып жатқан ереуіл аясында жаңа мәлімдеме жасады.        

Westoil Software компаниясы: "Жұмысшылар ереуіліне деструктивті күштер ықпал еткен" Фото: phonoteka.org

Қызметкерлердің заңсыз ереуілге шығуына байланысты компания күн сайын миллиондаған қаржыға шығынға батып жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

"Бұл сомма бүгінгі таңда 1 миллиард теңгеден асты. Осыған дейін хабарланғандай, жұмыс орындарына оралғысы келмейтін қызметкерлерді соттың шешімімен жұмыстан босатуына компанияның толық құқы бар. Жұмысқа шықпағандардың басым бөлігі мұны өз қалауынсыз, деструктивті элементтердің қысымымен жасап жатқандарын жақсы білеміз", - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар компания жұмысқа қайта оралғандардың барлығына алғысын білдірді.

"Ал, ішкі түйсігіне сеніп, жұмысқа оралған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. (Олардың саны 120). Біз компаниямыздың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, сіздердің еңбек жағдайларыңызды жақсартып, еңбекақыларыңызды тұрақты және уақытылы алуларыңыз үшін бар күшімізді саламыз деп сендіргіміз келеді", - деп хабарлады компания.

Қазіргі таңда кәсіпорынның жабдықтарын және техникасын жаңарту процесі жүріп жатыр.

"Өз міндеттерін орындау үшін жұмысқа оралған қызметкерлеріміз компанияның қазіргі жағдайын түзетуге зор үлестерін қосып жатыр. Қалған азаматтарды да қатарға қосылып, бірнеше жыл еңбек еткен ұжымына, өз жұмыстарына оралуға шақырамыз. Біз заң аясында қазіргі жағдайдан бірге шығудың жолын қарастыруымыз керек. Сондай-ақ бүгінгі таңда жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға ішкі дайындық жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз. Дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенеміз және заңсыз әрекеттер жасағандар үшін жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз", - деп жазылған мәлімдемеде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу